Құрметті аудан  тұрғындары!

     Сіздер,өз денсаулықтарыңызды ойлап, медициналық тексерістен (скринингтен) өтіңіз! СКРИНИНГ – бұл сау адамдардың жас ерекшелігіне қарай қауіп факторларын және ауруларды алғашқы сатыда анықтау үшін өткізілетін профилактикалық медициналық тексеріс.Скрининг ауруды ерте анықтап, емдеудің нәтижесін арттырып, асқынулардың алдын алады.

2019 жылы жүргізілетін скринингтің түрлері. Бұл тексерулер жүрек – қан тамыры ауруларын, қан диабетін, глаукоманың және олардың қатерлі факторларын анықтауға, инсульт,инфаркт, соқырлықтың алдын алуға және оларды дер кезінде емдеуге мүмкіндік береді.

1. Жүрек – қан тамыр аурулары мен қант диабетін алдын ала анықтау үшін антрометриялық өлшемдер (бойы, дене салмағы, бел шеңбері), қан қысымын өлшеу, қандағы холестерин мен глюкозаның деңгейлерін анықтау 40,42,44,46,48,50,52,54,56,58,60,62,64,66,68,70 жастағы ер және әйел адамдар арасында жүргізіледі. Көрсетілімдері бойынша: электрокардиография түсіріліп және кардиолог, эндокринолог қарайды.

Қандағы қант пен холестеринді анықтау аш қарында жүргізілетінін ескертеміз.

2. Глаукома (су қараңғылық) ауруын алдын ала тексеру үшін 40,42,44,46,48,50,52,54,56,58,60,62,64,66,68,70 жастағы ер және әйел адамдардың көзінің қан қысымын өлшейді. Көрсетілімдері бойынша  көз дәрігері қарайды.

Обыр ауруының туындауына себеп болатын патологиялық өзгерістердің жоқтығына көз жеткізіп, ісіктің дамуының ерте сатысында анықтау үшін төмендегі скринингтерден өту керек! Обыр (рак) ауруы өлім жағдайларының жоғары көрсеткіштерінің себепшісі. Обыр – бұл емделетін ауру.Қатерлі ісік неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым обырдан толықтай емделіп шығу мүмкіндігі артады. 

3. Жатыр мойынындағы патологиялық өзгерістерінің жоқтығына көз жеткізу үшін 30,34,38,42,46,50,54,58,62,66,70 жастағы әйелдерге жатыр мойыны сүрітіндісінің цитологиялық зерттелуі жүргізіледі. Көрсетілімдері бойынша:  акушер-гинекологтың қарап тексеруі (кольпоскопия).

4. Сүт бездерінің патологиялық өзгерістерінің жоқтығына көз жеткізу үшін 40,42,46,48,50,52,54,56,58,60,62,64,66,68,70 жастағы  әйелдерге сүт бездерінің рентгенологиялық зерттелуі (маммография) жүргізіледі. Көрсетілімдері бойынша:  маммолог пен онкологтың қарап тексеруі.

5.Жуан ішек ауруларын ерте анықтау үшін 50,52,54,56,58,60,62,64,66,68,70 жастағы еркектерге және әйелдерге нәжісті жасырын қанға зерттеу жүргізіледі. Көрсетілімдері бойынша: жуан ішектің эндоскопиялық зерттелуі(колоноскопия) жасалады.

Скринингтен өту үшін аймақтық дәрігердің арнайы жолдауымен және емханалық кітапшасымен (карточка), жеке куәлікпен  емхананың профилактика бөлімшесінің №:223, 225 кабинеттеріне жұмыс күндері 08.00 – 18.00 аралығында келулеріңізге болады. Скрининг жайлы толық мағлұмат алыңыздар.

Барлық скринингтер аудандық емханада және ауылдық медициналық мекемелерде тегін өткізіледі. Аймақтық дәрігерлер және мейірбикелер скринингке шақырғанда, міндетті түрде және уақытылы келуге тырысыңыздар! Өз денсаулығыңыз – өз қолыңызда!

Емхананың профилактика және әлеуметтік-психологиялық көмек бөлімінің меңгерушісі:  Г.С.Оразбекова